Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді аттестациялау үдерісін жетілдірді. Мұғалімдердің біліктілігін бағалаудың жаңа ережелері 2023-2024 оқу жылынан бастап күшіне енеді. №9 «Нұршашу» балабақшасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аттестаттау біліктілік бағасы, педагог білімін бағалау (ПББ), қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтаудан тұрады. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары қосымша сұхбаттасудан өтеді. Бұрын эссе жазу талабы бар еді. Биылдан бастап ол алынып тасталды.
Педагогтерді аттестаттау бес жылда бір рет өткізіледі. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.
Бұрын аттестаттау кезеңі деп қаңтар-мамыр, тамыз-желтоқсан аралығы саналса, бұйрық жобасында біліктілік санатын соңғы берген (растаған) күннен бастап келесі аттестаттау мерзімі басталғанға дейін немесе мерзімінен бұрын аттестаттау үшін жағдайлар болғанға дейінгі уақыт аралығы деп белгіленіп отыр.
Білім беру ұйымы жыл сайын 1 маусымға дейін алдағы оқу жылына аттестаттау жоспарын жасайды және бекітеді. Аттестаттау жылына 1 рет өткізіледі, рәсімдердің мерзімдері сәйкесінше ережелерде айқындалады.