Cеминар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған форматта өтті.
Іс - шараның басты мақсаты – мектепке дейінгі білім беру үдерісіне заманауи цифрлық ойындарды тиімді енгізу, балалардың танымдық қызығушылығын арттыру және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Семинар барысында №9 «Нұршашу» балабақшасының тәрбиешілері және басқа балабақшалардан келген тәрбиешілер өздерінің шеберлік сыныптарын ұсынып, цифрлық ойындарды оқу - тәрбие үдерісінде тиімді қолдану жолдарын көрсетіп, озық тәжірибелерімен бөлісті.
«Болашақтың қаласына саяхат», «Волшебный сундучок», «Ғажайып жіптер» шебер сыныптарына қатысқан №9 «Нұршашу» балабақшасының бүлдіршіндері цифрлық ойындар арқылы логикалық ойлауын, зейінін, тілдік дағдыларын және шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Балалардың ойын барысында белсенділік танытып, тапсырмаларды қызығушылықпен орындауы – цифрлық ойын технологиясының тиімділігін дәлелдеді.
Басқа балабақшалардан келген тәрбиешілер «Ертегі әлемі», «Баланың инженерлік ойлау мен зерттеушілік дағдыларын ойын арқылы дамыту», «Цифрлы ойын мен дәстүрлі ойын үйлесімділігі», «Ойын арқылы оқыту: педагог тәжірибесіндегі тиімді тәсілдер» атты өздерінің шебер сыныптарын ұсынып, цифрлық ойындарды оқу-тәрбие үдерісінде тиімді қолдану жолдарын көрсетіп, озық тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінгі семинарда балалардың тек ойнағанын емес, ойланып, ізденіп, үйреніп, дамып жатқанын көрдік. Ал осындай ынтымақтасқан жұмыстар– сапалы білімнің, заманауи тәрбие мен жарқын болашақтың бастауы! Бұл семинар педагогтер үшін тәжірибе алмасуға, кәсіби құзыреттілікті арттыруға және заманауи білім беру әдістерін меңгеруге үлкен мүмкіндік болды.